Аты да, заты да Жақсылық

Жақсылық ағамның маңдайына Алла Тағала қазақ ұлтының мақтанышы, абыройлы азаматы болуды жазған екен. Сол үшін де оған болаттай берік мінез, жігіттің жігіті ғана шыдайтын төзім, керемет сабыр нәсіп еткен шығар. Кезінде классикалық күрестен дүние жүзіндегі ең күшті құраманың – ССРО командасындағы үзеңгілестерінің «терпеливый Жак» деп атауының өзі тегін емес.

1974 жылы Жақсылық Үшкемпірұлы совет чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Күміс медалис спорттық әділ принцип бойынша Еуропа чемпионатына не Әлем кубогына баруы керек. Жоқ. Апармады.

1975 жылы қолтоқпақтай балуан ССРО халықтары спартакиадасы мен чемпионатының алтын тұғырынан бір-ақ шықты. Грек-рим күресінен ССРО спартакиадасы мен чемпионатын ұтқан бірінші қазақ! Тарихи жеңіс! Мәскеудің қазаққа деген қырыс қабағы сонда да ашылған жоқ. 2-3 нөмірлі балуандар әлем және Еуропа чемпионатына, Әлем кубогына барғанда біздің жігіт бар өкпесін, бар ренішін көкірегінде тұншықтырып үйде қалды.

1978, 1979 жылдары ССРО чемпионатының күміс жүлдегері. Жетпіс тоғызда чемпион болайын деп тұрған жерінен төрешілердің қиянатынан екінші орында қалды. Тағы да сол қысастық. Үшінші орындағы жігіт Еуропаға барды. 1980 жылы совет чемпионатын тас-талқан қылды. Басқасын айтпаған да А. Бозинді (Еуропаның 2 мәрте жүлдегері) 11:1, финалда мәскеулік В. Савчукты 12:0 есебімен сыпыра жығып, чемпион болды.

Содан қырғын таласпен, ит қырқылжың тайталаспен Мәскеу олимпиадасына зорға жетті. Олимпиада үстінде елден барған ағаларына: «Мен не чемпион боламын! Не кілем үстінде өлемін!» деп серт берді! Мұндайды жігіттің сырттаны ғана айтады! Қазіргі інілеріміздің бұлай деуге дәті бара ма?! Олай деу үшін Жақсылықтай сұрапыл қайраттың, асқақ намыстың иесі болу керек шығар! Совет қанішерлері тоғыз бірдей ағасының жанын қиғанда қайыспаған, жүнжімеген Күнтөредей анадан туған ұл ғой Жақсылық ағатайым! Алла Тағала сенің торсық шекеңе ұлтыңмен бірге жасайтын ғажап тағдырды нәсіп етіпті! Жаның жәннатта болсын, асыл ағам!

Жақсылық Үшкемпіров деректерімен жасалған видеоға өту