11 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігіне қарасты «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының» ұйымдастыруымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Қаратай Тұрысов – қайраткер тұлға» атты республикалық конференциясы өткізілді.
Қаратай Тұрысұлы еңбек жолын қарапайым геологтан бастап, Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы, Қазақ КСР-нің өнеркәсіп және кен бақылау жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, республиканың кәсіподақтар комитетінің және ССРО Кәсіподақтары Орталық Комитетінің хатшысы, Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
Қаратай Тұрысұлы тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі болған тарихи тұлға. Бұдан кейін ол кісі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының және Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды.
Іс-шараға Қаратай Тұрысовтың замандастары, жолдастары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, спорт ардагерлері және немерелері мен зайыбы Әскергүл Жамбайбекқызы қатысты.
Конференцияны Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Маратұлы ашып, Қаратай Тұрысұлы туралы қысқаша баяндама оқыды.
Көрнекті мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысов туралы басқа да баяндамалар оқылмас бұрын, өңделіп жасалған видео-материал экранға шығарылып, көрсетілді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанұлы, қаламгер Сауытбек Абдрахманов, Халықаралық телевидение және радио академиясының академигі Махат Садық, «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының» директоры Қыдырбек Рысбек, Елсияр Қанағатов сияқты спорт қайраткерлері Қаратай Тұрысұлына арнап жазған баяндамаларын оқып, қазақ спортына, соның ішінде қазақ спортшыларына жасаған игі істері туралы құнды естеліктер айтылды.
Бас қосуға сонымен қатар спорт саласында жүрген қызметкерлер, спорттық мектеп-интернат оқушылары көрермен ретінде қатысты.
Конференцияға қатысты басқа да ақпараттар: