Еркін күрестен қазақтың айтулы балуаны. Бабаларымыз: «Балуанға оңы мен солы бірдей» деген сөзді Аманжол секілді оңы мен солын талғамайтын, қандай күштіге қарсы шықса да, айылын жимай айқасатын, сол күресінен жаны рахат табатын саңлақтарға арнаса керек.
Иә, Аманжол балуан қалыпқа сыймайтын еді. Кейде Алатаудың асау өзеніндей бұрқ-сарқ қайнап кілем төсінде дауыл тұрғызса, көбіне жолбарыстай тегеурінді, жолбарыстай епті қимылымен қарсыласының ту-талақайын шығарушы еді. Сол қасиетінен ғой, Кавказдан ондаған Олимпиада, әлем чемпиондарының тұсауын кескен атақты бапкерлер Қазбек Дедегкаев пен Магомед Гусейновтің қазақ көре қалса, алдымен «Аманжол қалай?» деп сұрайтыны.
Атам қазақ: «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дейді. Аманжолдың боз кілемдегі ұстазы әйгілі Әбілсейіт Айханов болатын. Айхановтың өзі де стандартқа сыймайтын, күресі ешкімге ұқсамайтын ерекше дарын, ендеше Аманжолдың да өзіндік қолтаңбасының қалыптасуы заңды құбылыс. ХХ ғасырдың екінші жартысында Совет одағы әлемдік күрестің басты державасы болса, Аманжол Бұғыбаев 1973 жылғы ССРО чемпионы, оған дейін Совет одағы кубогының жеңімпазы, одақ чемпионатының күміс, қола медалисі атанған еді. Бірақ Мәскеудің іштарлығынан әлем және Еуропа чемпионатына қатыса алмады.
Аманжол Бұғыбаев күрестің отымен кіріп, күлімен шыққан азамат. 1996 жылы оның шәкірті Мәулен Мамыров қазақтың еркін күрес балуандарынан бірінші болып Олимпиада ойындарының, 1997 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Аманжол Күнболатұлы бірнеше жыл Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы болды. Сөз соңында айтарымыз: Аманжол Бұғыбаев қазақ спортының тарихындағы соқталы тұлғалардың бірі.
Аманжол Бұғыбаев деректерімен жасалған видеоға өту