2023 жылдың 3-7 шілде аралығында «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының» ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжі ғимаратында ауыр атлетикадан жаттықтырушы-оқытушыларға арналған республикалық біліктілікті арттыру курсы өткізілді. Курсқа Ақмола, Алматы, БҚО, ШҚО, СҚО, Қостанай облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан барлығы 20 жаттықтырушы қатысып 36 сағат көлемінде біліктілігін арттырды.
Курстың теориялық бөлімі келесі тақырыптарды қамтыды: «Спорттағы допингке қарсы бақылау» - Ғ.Б.Жұмабаева (ҚР Допингке қарсы Ұлттық орталығы білім беру бағдарламалары бойынша маманы), «Спортшылар дайындаудағы функционалдық диагностиканың маңыздылығы», «Спортпен шұғылданушыларды дәрігерлік-педагогикалық бақылау. Зерттеу әдістері», «Спорттық медицина практикасындағы шамадан тыс жаттығулар» - Ж.М.Андасова (педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент). Тәжірибелік сабақтарды, «Қалпына келтіру жаттығуларының ерекшеліктері, ауыр атлеттердің жаттығу процесінің негіздері» тақырыбында қазақ жастары арасындағы алғашқы КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Қасымұлы Мұстафин өткізді.
Курстың соңында барлық курсқа қатысушылар өткен дәрістер бойынша тест тапсырып, қорытындысында тыңдаушыларға орталықтың арнайы куәліктері табыс етілді.