Біз Қарқаралы қаласынан 12 шақырым жердегі тау ішінде, Кеңдала деген ауылда тұрдық. Анамыз ауылда дүкен болмағандықтан таң ата тұрғызып, «бар, нанға бар» деп жұмсап жіберетін. Сонда 12 шақырым жердегі Қарқаралыға барып, тау ішіндегі алты биік кезеңнен асып түсіп, он шақты бөлке нанды қапқа салып, кейін 12 шақырым жердегі ауылыма қайтатынмын. Мен алты баланың үлкені едім. Кейде анам нан алып келгенімде «қап, тұзды ұмытып кетіппін ғой» деп, мені қайта жіберетін. Сонда кей күндері 48 шақырым жер жүруші едім.
Кейінгі жылдары күресіп жүргенде күрес уақыты 3х3 (үш минуттан үш кезең) болатын, күрес біткенде менің денем енді қыза бастаушы еді. Сонда анам марқұм есіме түсетінеді, «бірінші бапкерім анам болған екен ғой», дейтінмін іштей.