ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спорт және дене шынықтыру бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК (одан әрі – Орталық) республика бойынша спорт мекемелерінің соңғы 3 жылғы жұмыстарын талдауды жалғастыруда.
Орталық директорының орынбасары Ж. Имаяқов бастаған Талдау бөлімінің әдіскерлері ағымдағы жылдың ақпан айында Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында соңғы 3 жылда атқарылған жұмыстарға сараптама жүргізді.
Атап айтқанда ұйымның 2019-2021 жылдар аралығындағы күнтізбелік жоспарларына сәйкес атқарылған іс-шаралары, спортшылардың дайындықтары мен ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі жарыстардағы жетістіктері, жаттықтырушылардың құрамы, тәжірибесі және спортшыларды дайындаудағы еңбектері мен кемшілік тұстары талданды. Оған қоса, қаржы мәселесі де назардан тыс қалмады, яғни, қаражат қаншалықты мақсатты жұмсалғандығына баға берілді.
Осындай талдау жұмыстары наурыз айының басында Алматы қаласындағы дене шынықтыру және спорт басқармасы мен оның бағынысты ұйымдарында да атқарылды.
Республикалық Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев Талдықорған және Алматы қалаларына арнайы іс-сапармен барып, Орталық мамандары дайындаған талдау, сараптау бойынша жергілікті спорт активімен кеңес өткізді.
Соңғы 3 жылғы еңбектерінің ақ пен қарасы ажыратылып талданған осындай жұмыстар спорт саласына жаңа серпіліс әкелетіндігін мекеме басшылары алға тартты. Яғни, ендігі күш көрсетілген кемшіліктерді жоюға, спорттағы жетістіктерді еселеуге бағытталмақ.
Келесі талдау-сараптау жұмыстары Шымкент қаласындағы спорт мекемелерінде жалғасын табады!