Әбілсейіт Айханов – күш атасы Қажымұқаннан кейін әлемдік күрес майданында олжа салған бірінші қазақ балуаны. Алаш жұрты өз жерінде барынша азшылыққа ұшыраған (28 пайыз), советтік тоталитарлық жүйе әбден күшіне мінген тұста ұлтының рухын көтерген кесек тұлға.
Әбілсейіт Айханов – 1963 жылғы ССРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, Совет одағының чемпионы! 1962 жылғы одақ чемпионатының күміс жүлдегері. «Кіші әлем чемпионаты» саналған Тбилиси халықаралық турнирінде 2 мәрте топ жарды. Осы жерде ерекше мән беретін жағдай: 1960 жылдардағы ССРО чемпионатының деңгейі әлем біріншілігінен кем болған жоқ.
Айханов – интеллектуал балуан. Ол физика мен математикадан қамшы салдырмайтын аса дарынды жан еді. Белдесетін қарсыласын әуелі зерттеп, кілемге жоспар құрып шығатын ойлы, тегеурінді балуан болатын. Әр қарсыластың ыңғайына, күшіне, мінезіне қарай әдісін сайлап, қым-қиғаш тактика құрудың шебері еді. Әбілсейіт балуан қарсыластары үшін жұмбақ еді. Себебі, ол әр балуанға әртүрлі айла-амалды қолданатын.
Осындай қалыпқа сыймайтын қасиетінің арқасында Әбілсейіт Айханов Олимпиада чемпиондары Александр Иваницкий, Никола Станчев, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегерлері Шота Ломидзе, Богумил Кубат, Анатолий Албул, Борис Кулаев, Савкуз Дзасаров, Петр Кмент секілді атақты балуандардан басым түсті. Халықаралық жарыстарда бірде-бір қарсыласынан жығылған жоқ.
Балуан ағаның бар «кінәсі»: айтулы сындарға тек қазақтың атынан барғысы келгендігі, сосын ешкімнің ығына жығылмай, қабағына қарамай, өз жолымды өзім табамын деген қазақы намыс, дала батырына тән бұлтақсыз асқақ мінез еді.
Әбілсейіт Айханов деректерімен жасалған видеоға өту